«SMART САРБАЗ» КІШІ МЕКТЕБІ 
«ӘСКЕРИ ПАТРИОТТЫҚ ТӘРБИЕ»
«ӘСКЕРИ-КӘСІБИ БАҒДАР БЕРУ» «САРБАЗДАР АНАСЫ»
”АҚ ОРАМАЛ” АКЦИЯСЫ

Қызылорда облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің ұйымдастырумен №5547 әскери бөлімінде рухани тағылымды шара өтті.
Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы мен 1 наурыз - алғыс айту күніне орай өткізілген шарада қоғам белсенділері төбе көрсетті.
Іс-шараны Қызылорда облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ директорының орынбасары Құрманов Руслан Болатбекұлы ашып, Алғыс айту күні – ұлтаралық татулықтың алтын көпірі, біздің елдің әрбір азаматының ортақ мақсатқа жұмылуын бейнелейді. Бүгінгі шара да осы бірліктің көрінісі екендігін атап өтті.
Облыстық ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрағасы, қалалық маслихат депутаты, Мұсабаева Айгүл Нажмадинқызы «Аналар кеңесі әрдайым қоғамдағы маңызды мәселелерді шешуге өз үлесін қосып келеді. Аталмыш шара арқылы бірлік пен бейбітшіліктің туын көтеріп, келешек ұрпаққа жарқын үлгі қалдыруды мақсат етіп отырмыз»,- деді.
«Аналар жүрегі» РҚБ – нің Қызылорда облысы бойынша өкілі, Шарапова Жарқынбике «Әрбір ана – қоғамның,ұлттың айнасы. Алпауыт та анадан туылады. Ұрпаққа түбегейлі тәрбие негізінің бастауын ана береді”-деді.
Қызылорда облыстық психологиялық қолдау орталығының психолог маманы Бисенова Жания Жоямергенқызы сарбаздарға қызықты тренинг өткізіп, тыңдаушыларды бірлік пен келісімнің мәні туралы терең ойлануға шақырды: «Ұлттық бірлікті қалыптастыруда психологиялық әдістер өте маңызды. Қоғамда бейбітшілік пен түсіністік орнату үшін біз әрқашан өзімізден бастауымыз керек»,-деді.
Шара барысында «Ұлағат» әжелер ансамблі «Сәулем-ай» халық әнін орындап, жұртшылықты рухани жаңаруға үндеді.
Іс-шараның ерекшелігі Сарбаздар ән айтып, әжелерге ақ жаулық жапты. Аналар қауымы сарбаздарға ыстық бауырсақ таратып, үлкен құрмет көрсетті.