2023 жылдан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша аса өзгермелі жағдайларда басқаруға дайын кәсіби көшбасшыларды іріктеу және даярлау мақсатында «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасы қолға алынған болатын. Білім берудегі өзгерістің көшбасшыларын іріктеу бес кезең бойынша жүзеге асырылады. Бірінші кезеңде үміткерлер өз құзыреттілігін бағалау үшін тестілеуден өтеді, екінші кезеңде оқуға жіберіледі, үшінші кезеңде еліміздің жетекші мектептерінде тағылымдамадан өтеді, төртінші кезеңде қорытынды бағалау рәсімі жүргізіледі және бесінші кезеңде министрлік жанындағы комиссиямен әңгімелесуден өтеді. Нәтижесінде басшылардың республикалық кадрлық резерві құрылып, сертификат табысталады. 5 кезең бойынша өткізілген 2024 жылғы кадрлық резервке мектебіміздегі озық ойлы, қадамы нық көшбасшы ұстаз Қыстаубаев Алтынбек Сейілханұлын сертификатқа ие болып, кадрлық резервке қабылдануымен шын жүректен құттықтаймыз!
Осы бағытта алар асуыңыз көп, жетер жетістігіңіз мол болсын!
Жобаның бастапқы кезеңінде барлығы 13 796 өтінім берілген. Іріктеудің барлық бес кезеңінің қорытындысы бойынша 376 үміткер Республикалық кадр резервіне алынды. Бұл әріптесіміз үшін үлкен жетістік деп білеміз. Білім көкжиегінде қосар үлесіңіз таусылмасын, көшбасшылық қасиетіңіз сарқылмасын! Білім - біліктілікке жеткізер баспалдақ, ал біліктілік - сол білімге жеткізер дағды. Білім мен біліктілігі мол әріптестеріміз көп болсын!